Cипаттамасы
Қатысушы елдер
Халықаралық ұйымдар
Ұлттық күн

Халықаралық павильон / Қатысушы елдер / Ресей

"Біз ЭКСПО-2017 көрмесінде өзіміздің энергетикалық әлеуетімізді көрсетеміз. Ресей - заманауи энергия ресурстарына бай мемлекет. Бізде дәстүрлі және баламалы қуат көздері көп. Оны тиімді пайдаланудың тың дәстерін дүйім көпшіліктің назарына ұсынбақпыз. Осы арқылы көптеген түйтіні тарқамаған түйіткілдердің шешімін табуға септесеміз".

ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға Ресей Федерациясының 200-ге жетеғабыл ұлттық компаниясы шақырту алған. Олардың қатарында «УРАЛХИМ» АҚ, «Уралкалий», «Росатом» атом энергиясы бойынша мемлекеттік копорациясы, «Транснефть» АҚ, «Россети» АҚ мен «Норильский никель» АҚ сынды ірі кәсіпорындар бар. Ал, Ресей аумағынан Татарстан Республикасы, Свердловск пен Челябинск облыстары, Мәскеу үкіметі мен Санкт-Петербург үкіметі халықаралық шараға қатысуға ниетті.                

Ресейлік тараптың ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы кезінде бірнеше халықаралық іскерлік бағдарлама талқыға салынады. Олардың дені - энергетика саласындағы ең өзекті тақырыптарды қаузауға бағытталған. Ал, басты мәселе - ғаламдық энергетикалық балансты тұрақтауға арналады. Толық мәлімет төмендегі сілтемеде:      http://www.russiaexpo2017.ru/partners-and-participants/preliminary-program/

Ресей экспозициясы ЭКСПО-2017 көрмесіндегі ең ірісі. Аумағы - 1 000 шаршы метр. Ол жерде Ресейдің энергетикалық әлеуеті таныстырылады. Келушілерге Русская Арктика табиғи өңірінде жасалып жатқан жұмыстар көрсетіледі.        

Павильонға кірген бойда "Энергия порталына" (ENERGY PORTAL) тап боласыз. Экспозициямен танысу - әуелі су инсталяциясынан басталады. Ол жерден күн сәулесіне шағылысқан мұздықтарды көруге болады. Ал, солтүстік шұғыла - ғимарат ішін ерекше әсемдікке бөлейді.

«Полярная полусфера» мультимедиялық аттракционында Ресейдің атом саласында жеткен жетістіктері көрсетіледі. Көрме қонақтары мұнда жердің ең түпкі нүктесі - Арктикаға тап болғандай әсерде қалады.

"Болашақтың энергиясы" павильонында тақырыптық аймақтар бар. Аталған орындарда ғалымдардың энергетика саласында жеткен жетістіктері мен гидроэнергетикадағы тың серпін көпшілікке паш етілмек.

Биыл Ресейде экология жылы. Сондықтан, олар халықаралық көрмеде өсімдіктер мен жануарлар әлемін қорғауға қатысты арнайы экспозиция ұсынады. Ізінше, бұқара арнайы әзірленген "Арктиканың табиғи әлемі", "Арктиканың су астындағы әлемі. Қайраң", "Арктиканың өсімдіктер мен жануарлар әлемі. Мұздар" сынды динамикалық видео-инсталяцияларды тамашалайды. Басымдық - жануарлардың сиреп кеткен түрлерін сақтауға беріледі.                      

Көрме соңында, келушілер ауыспалы экспозиция аумағына тап болады. Онда ресейлік компаниялар 3 ай бойы өздерінің тың технологияларын, экономикалық қарымдарын танытады.

Ресейдің мәдени бағдарламасы көрмедегі негізгі шараларға тұздық болады. ЭКСПО аясында ресейлік өнерпаздардың қатысуымен үлкен фестиваль өтеді.

Ресейлік тараптың EXPO-2017 көрмесіне қатысуына Ресей Федерациясының өндіріс және сауда министрлігі мұрындық болған. Ал, операторы "Формика" компаниясы.

Павильонның WEB-cайты

 Георгий Каламанов
Ресей секциясының бас комиссары
Ресей Федерациясы өндіріс және сауда министрінің орынбасары Георгий Владимирович Каламанов ведомствода бірнеше қызметке жауапты. Атап айтқанда, көрме мен жәрмеңкелер ұйымдастыру, Ресей Федерациясының ЭКСПО көрмелеріне қатысуы және Халықаралық бюромен тығыз қарым-қатынаста болуы, Ресейлік өнімнің бәсекеге қабілеттілігі, ішкі және сыртқы нарықты бақылау - Георгий Каламановтың құзырында. Ал аталған министрлікте 2008 жылдан бері жұмыс істейді. 2004-2007 жылдар аралығында Ресей өндіріс және энергия министрлігіне қарасты халықаралық департаментті басқарған. Осы ведомствоның коллегия мүшесі болған. 2004 жылдан бері - Ресей өндіріс және энергия министрлігі халықаралық әріптестік департаменті директорының орынбасары; Мемлекеттік басқару университетінде кафедра доценті. 1999 жылдан бері - ақпараттық орталықтың аға сарапшысы, "Еврофинанс" қауымдастығы вице-президентінің кеңесшісі, "Диамант" қауымдастығының басқарма маманы. Г. Каламанов 1998 жылы Мемлекеттік басқару университетін тәмамдаған, ал 2001 жылы - Мемлекеттік басқару университетінің аспирантурасын бітірген. Психология ғылымдарының кандидаты. ІІ дәрежелі "Отан алдындағы ерен еңбегі үшін" мадалінің және Ресей Федерациясы Үкіметі берген Құрмет грамотасының иегері. 2006 жылы Ресей Федерациясының Президенті Г.В. Каламановқа алғыс жариялады.  

БАС КОМИССАРҒА СҰРАҚ ҚОЙЫҢЫЗ


Жаңалықтар

БІЗДІҢ СЕРІКТЕСТЕР

 

ZERO.KZ  

Политика конфиденциальности
                 БАРЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАР ҚОРҒАЛҒАН. 2014 - 2017 © ASTANA EXPO 2017