Баспасөз орталығы / Жаңалықтар

ЭКСПО – 2017 алаңы еліміздегі жаңа инновациялық экожүйенің дамуына серпін береді
2018-09-11

             

 

 

10 қыркүйек күні ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің аяқталғанына да бір жыл толды. Осыған орай, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ербол Шормановпен көрменің бізге қалдырған мұрасы жайлы және де көрме нысандарының қазір қалай пайдаланылып жатқаны туралы әңгімелестік.

 

- Ербол Әлімқұлұлы, «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі тарих қойнына еніп кетті. Десе де, алдымен сол 93 күнге жалғасқан көрмені бір еске алып өтсек.

- Оқырмандардың есіне сала кетейін, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Қазақстан посткеңестік елдердің арасында осындай халықаралық шара өткізген бірінші ел болды. Көрме орны таңдалған кезде біз Бельгияның Льеж қаласынан артық дауыс жинаған едік. Көрмеге 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысты. Алдын ала болжам бойынша біз көрмеге 2,5 миллион адам келеді деп күткен едік, бірақ көрмені 4 млн адам тамашалады. Олардың 15 пайызы әртүрлі елден келген туристер. 93 күн бойы мемлекет басшылары мен үкімет басшылары қатысқан 220 ресми шара өтіп, Қазақстанның іскер және ғылыми-білім беру ортасы көрмеге қатысқан елдермен 39 келісімге қол қойды. Ол келісімдердің көбі – энергетика, құрылыс, инвестиция сияқты салаларға қатысты.

3500-ден астам бұқаралық-мәдени шара өтсе, олардың арасында әлемге танымал жұлдыздардың концерттері бар.

Сондықтан да, көрме біздің күткен үміт пен болжамды ақтады деуге болады. Халықаралық көрмелер бюросы 2017 жылғы ЭКСПО көрмесін тарихтағы мамандандырылған сәтті көрмелердің бірі деп атады. Бұл – үкіметтің, мемлекеттік органдардың, Ахметжан Есімов бастаған «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ менеджментінің бірлескен еңбегінің арқасы.

ЭКСПО жобасының арқасында тек көрмені ғана емес, бүкіл елімізді әлемге таныту үшін үлкен имидждік жұмыс жүргізілді. Елімізді халықаралық деңгейде 2 млрд аса адам таныды.

ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде елордамызға бүкіл әлем назар тікті деуге болады. Оқиғалар әлеуетінің рейтингісінде, ШЫҰ мен ТМД елдері арасында Астана қаласы ТОП-5 кірді. Сондай-ақ, біздің астанамыз «National Geographic» журналының «Болашақтың қаласы» атты номинациясын жеңіп алып, «New York Times» газетінің нұсқасы бойынша барып көруге тұрарлық 10 қаланың арасынан табылды.

- Жалпы, Қазақстан көрмеге «Болашақтың энергиясы» атты тақырып ұсыну арқылы ғылыми өркениеттің ошағына айнала алды ма, қалай ойлайсыз?

- Көрмеге қойылған ең озық технологияларға қарап, бүкіл әлем баламалы қуат көзіне қарай бет алғанын байқаймыз. Және бұл процесті енді тоқтату қолдан келмейтін сияқты. Ал, ЭКСПО-2017 көрмесі Қазақстандағы «жасыл экономикаға» көпір салып, қайта қалпына келетін энергияны енгізу және пайдалану салаларында ойы мен идеялары бар жастарға, жас мамандарға, тіпті қарапайым азаматтарға серпін сыйлады. Көрмеге жалпы әлемнің түпкір-түпкіріндегі елдер қайта жаңартылатын энергия саласындағы 150–ден астам озық технологияларын әкелген. Солардың арасында 115 технология таңдалып, еліміздің әр аймағында жүзеге асырылып жатыр.

Мемлекет басшысының БҰҰ Бас Ассамблеясында айтқан бастамасына сәйкес, ЭКСПО көрмесінен қалған павильондардың бірінде Халықаралық «жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар» орталығы жұмыс істемек.

- Енді ЭКСПО көрмесінен кейінгі мәселелерге тоқталсақ. Президент ЭКСПО-2017 көрмесінен кейін қалған нысандар халық игілігіне берілуі керек дегені есімізде. Сондықтан, көрме кешеніндегі бірегей нысандар енді қандай қызмет атқармақ, соған тоқталсақ?

- Дұрыс айтасыз. Мемлекет басшысы көрмеге орай салынған нысандарды көрмеден кейін пайдалану туралы тұжырымдама да бекітіп берген. Сол тұжырымдамаға сәйкес, көрменің орнында «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, Халықаралық «жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар» орталығы,«Astana Hub» Халықаралық IT-стартаптар технопаркі, IT-университет пен бизнес-орталық сияқты өте ірі жобалар жүзеге асырылады.

Мәселен, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы Еуразиялық кеңістіктегі ең алғашқы қаржы орталықтарының біріне айналып, ел экономикасына инвестиция тартатын драйвер болмақ.

Мемлекет басшысы ел экономикасын сандық форматқа ауыстыруға қатты мән беретіні белгілі. Сондықтан, «Astana Hub» Халықаралық IT-стартаптар технопаркі мен IT-университет – біздің экономикамыздың цифрлы әлемге бет бұруына серпін бере алатын жобалар деп ойлаймын.

Сондай-ақ, көрменің логистикалық базасы қайта құрастырылған соң, аумағы 21 мың шаршы метр көрме алаңы ашылмақ. Ол алаң әртүрлі халықаралық көрмелерді қабылдай алады.

Осылайша, көрме кешенінің ендігі болашағы жарқын екенін және көрме орнында жаңа инновациялық технологияларды жасау үшін жаңа экожүйе құрылатынын сеніммен айтуға болады.

- Бұлардан өзге, көрме аяқтала сала да жұмысын тоқтатпаған «Нұр Әлем» сферасы мен Конгресс-орталық сияқты нысандар бар ғой?

- Мен тізіп өткен нысандармен қатар, «Нұр Әлем» сферасы жаһандық нысанға айналып үлгерді. Өйткені, сфера – болашақ энергиясының әлемдік символына айналып, Қазақстан дегенде еске түсетін үлкен нысандардың бірі болып кетті. Бұл нысан – болашақ энергиясының жәй ғана музейі емес, күніне мыңдаған адам баратын ғылыми білім беру орталығы болып отыр.

Біз «Нұр Әлем» сферасындағы контентті күннен күнге жаңартып отыруға тырысамыз. Өйткені, келген адамдардың қызығушылығын жоғалтып алмау керек. «Робополис» жобасы аясында «Нұр Әлем» сферасында бірегей 17 робот-гид жұмыс істеуде. Виртуалды аймаққа кірген адамдар Астана мен Алматы қалаларына көзбен «саяхат» жасай алады. Бұдан өзге, әлемге танылған интерактивті шоу-жобаларды да ынтымақтастыққа шақырып отырмыз. Мысалы, жазда «Titan Robot Show» ұйымдастырылса, қазір «Роботтар балы» өтіп жатыр. Бұл шаралар әсіресе балаларға қатты ұнап, оқушылардың саналарына ой салары анық.

Ал, Конгресс-орталыққа тоқталар болсақ, бұл да өздігінше ерекше, көп функционалды кешен. Конгресс-орталық ресми шараларды өткізетін орын. Оның маңыздылығы сонда, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылу және жабылу салтанаттары осында өткен. Конгресс-орталықта сондай-ақ XI Астана экономикалық форумы, Дүниежүзілік Тау конгресі ұйымдастырылған.

Сонымен қатар, коммерциялық павильондарда «Қазпошта» АҚ-ның сандық кеңсесі мен азаматтарға арналған үкіметтің Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Бұл кеңселерде адамдар диджитал форматта өз өздеріне қызмет көрсете алады.

- Яғни, ЭКСПО көрмесінің аумағы астаналықтар мен қала қонақтарының демалатын әрі ғылым-білімдегі соңғы жаңалықтармен танысатын орнына айналды дейсіз ғой?

- Біз көрме аумағын аралауға келген әрбір адамға барынша қолайлы жағдай мен қызықты ақпарат ұсынуға тырысамыз.

Астананың 20 жылдығын тойлау аясында біз әдейі жазғы сахна орнатып, көптеген мерекелік шаралар мен қазақ эстрада жұлдыздарының концерттерін ұйымдастыруға ат салыстық. Әртүрлі концерттерге шамамен 7 мың көрермен келіп отырды. Балалар үшін бөлек театрландырылған қойылымдар қойылып, цирк шоулары көрсетілді.

Бұдан өзге, көрме аумағында балаларға арналған тамаша алаң бар. Ол алаңның ерекшелігі – мүмкіндігі шектеулі балаларға да жағдай жасалған. Көрме аумағында мейрамханалар мен дәмханалар жұмыс істеп тұр, 6 гектар жерді алып жатқан саябақ аймағы да бар.

Жалпы, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсам, ЭКСПО көрмесінің арқасында біз енді кез келген үлкен, кез келген фоматтағы көрме шараларын өткізе аламыз. Ал, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының ендігі міндеті – мен айтып өткен үлкен халықаралық жобаларды сәтті жүзеге асырып, көрмеден қалған инфрақұрылымды тиімді пайдалану.

- Жоспарларыңыздың сәтті орындалуына тілектеспіз. Сөз соңында ЭКСПО-2017 көрмесі тек Астананың ғана емес, тұтас еліміздің экономикасына қандай серпін бергенін бір-екі ауыз сөзбен айтып өтсеңіз.

- Жалпы, менің ойымша, ЭКСПО-2017 көрмесін дағдарысқа қарсы үлкен жоба деп атауға болады және ол жобаға еліміздің бүкіл аймақтары қатысты. Олай деуге нақты фактілер себеп. Мысалы, Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы облыс әкімдіктері, сондай-ақ, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктерімен тиісті меморандумдарға қол қойған. Меморандумдарға сәйкес, ЭКСПО-2017 көрмесінің құрылысына отандық тауар өндірушілердің тауарлары пайдаланылды. 408 отандық кәсіпорын тапсырыс алған. Олардың барлығы 414 млрд теңгенің жұмысын орындаған. Сол арқылы 50 мыңнан астам жаңа жұмыс орны, соның ішінде аймақтарда 17 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, жұмыссыз азаматтар жұмыспен қамтылды. Көрмеге дайындық кезінде сондай-ақ 1400 шағын және орта бизнес субъектісі жұмысқа тартылған. Қазақстанның туризм саласы да дамып, туроператорлардың көрсеткен қызметі 78 пайызға көбейсе, қонақ үйлер әдеттегіден 3 есе артық мейман қарсы алған. Теміржол мен әуежолдары арқылы қатынаған жолаушылардың саны орта есеппен 25 пайызға көбейген. Көрменің ел экономикасына тигізген серпінінің бір ұшқыны осы деп ойлаймын.

- Сұхбатыңызға рақмет.

 

Серік Алимжанов,

Астана

ЭКСПО-2017 в социальных сетях
Подписывайся! Читай! 
Наследие ЭКСПО
Послевыставочное использование
                 БАРЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАР ҚОРҒАЛҒАН. 2014 - 2018 © ASTANA EXPO 2017