Баспасөз орталығы / Жаңалықтар

Астана EXPO эволюциясы
2018-12-04

EXPO көрмесінен қалған жетістіктер ел экономикасының қажеттілігіне орай тамаша бейімделгенін көрсетіп отыр. «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының менеджменті көрмеден кейін жаңартылған кешенді тағы бір рет аралатты, ал жаңа жобалардың ауқымы таңдай қақтырады!

 

 

Ішкі мазмұны қалай өзгерсе де, Көрменің аумағы жаңа жетістіктердің орны болған және солай болып қала береді де. Өдеріңіз білетіндей, Астанадағы EXPO-2017 нысандарының құрылысы халықаралық мамандандырылған көрмені өткізу үшін салынған еді. Бірақ, нысандар тек экспонаттарды көрсетуге ғана арналып жобаланған жоқ. Ұйымдастырушылар әуел бастан-ақ көрме кешені кейін де елорданың туристік және қаржылық орталығына айналады деп жоспарлаған болатын. «Астана ЭКСПО» сияқты инвестициялық жобалар қаланың жан-жақты дамуына ықпал етіп, көптеген жұмыс орындарын ашады, мол инвестиция тартып, көрмеге жапсарлы аумақтың көлік инфрақұрылымын дамытуға серпін беріп, «тартылыс» орталығы болудың негізін қалайды.

Болашақтың аумағы

Бүгінде ЭКСПО кешені – Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған 4 ірі жаһандық жобаның дамуына арналған алаң іспетті. Ол жобалардың барлығын өзара инновациялық күш біріктіріп отыр.

Мәселен, «Астана» халықаралық қаржы орталығы Еуразиялық кеңістік бойынша қаржылық қызмет көрсететін ілгерлі орталыққа, шетелдік капитал тартудың катализаторына, сондай-ақ Қазақстан, Еуропа мен Азия нарықтарын біріктіретін қаржы хабына айналуға бағытталған жоба. Жуық арада АХҚО ғимаратында әлемдегі ең танымал озық компаниялардың атаулары жазылады. Ал, ол шетелдік компаниялар үшін бұл жерде жасалатын жағдай өте тартымды: қаржы орталығының қатысушысы болып, резиденті атанған және Қазақстан экономикасының басым салаларына инвестиция құйған шетелдік инвесторлардың құқығы АХҚО Халықаралық төрелік сотының аясындағы халықаралық жоғарғы стандарттарға сай қорғалады. Тағы бір амбициялық, бірақ орындалуы әбден мүмкін мақсаттың бірі – алдағы үш жыл ішінде әлемдегі ең атақты 50 халықаралық қаржы орталығының қатарына қосылу міндеті.

АХҚО Астанаға «қаржы елордасы» деген жаңа мәртебе алып берді. Естеріңізге сала кетейік, 14 қарашада «Нұр Әлем» Сферасында президент Нұрсұлтан Назарбаев қаржы орталығының Astana International Exchange (AIX) биржасында алғашқы сауда-саттықты бастап берген болатын. Биржа қазақстандық және шетелдік ірі компаниялардың миллиондаған қаржыға сауда жасауына мүмкіндік береді. Биржадағы IPO-ға шыққан алғашқы ұлттық компания – әлемдік уран индустриясының көшбасшысы «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы болды. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұрын қазақстандықтар атақты Wall Street-тегі баға келісімдерін тек телеарналардан көрсе, қазір ЭКСПО аумағында толық бизнес-циклы бар жоғары технологиялы биржа инфрақұрылымы пайда болып келеді.

Сонымен қатар, көрмеден кейін жүзеге асырылып жатқан ең технологиялық жобалардың бірі «Astana Hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі болмақ. Жобаны Американың атақты Кремний алқабының отандық баламасы деуге болады. Бұл жерде «made in Kazakhstan» брендімен шығатын инновациялық технологиялар мен стартаптардың дамуы үшін тамаша жағдайлар жасалған. Технопарк Қазақстанның инновациялық экожүйесін дамытатын локомотив пен орталық күшке, сондай-ақ ІТ-бизнесті дамыту үшін халықаралық қауымдастық мойындаған хабқа айналуы керек.

IT-Университет – елімізді цифрландыру әлеміне кіріктіретін тағы бір қуатты күш. Университет «Carnegie-Mellon» және «Singularity University» сияқты озық технологиялық университеттермен арадағы ынтымақтастықтың нәтижесінде құрылып жатыр. Қазақстанның цифрлы салаларына қажетті жоғары білікті мамандар инновациялық қарқынды бағдарламалар бойынша оқытылады.

Ал, «Халықаралық жасыл технология және инвестициялық жобалар орталығы» «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінен қалған мұралардың идеологиялық жалғасына айналады. Бұл орталық баламалы энергия көздері саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелері мен озық технологияларды енгізу арқылы Қазақстанның және бара-бара Орта Азия өңіріндегі елдердің қарқынды түрде «жасыл» экономикаға ауысуына жағдай жасайды.

Жетістік орталығы

Қазақстандықтар таңданар, бірақ мұнымен Астана ЭКСПО көрмесінің инфрақұрылымдық ресурсы таусылған жоқ! Ең басты жобаларды дамытумен қатар, ЭКСПО кешені еліміздің іскерлік нарығын белсенді түрде және жемісті дамытып отырған алаңға айналып келеді. Ұлттық компаниядан хабарлағандай, жуық арада Көрме аумағында жалпы аумағы 35 мың шаршы метрді құрайтын, «А» класты кеңселері бар халықаралық сапа стандартымен салынған EXPO Business Centre бизнес орталығы ашылады. Жаңа бизнес орталық бизнесті дамытуға қажетті жаңалықтар мен тамаша жағдайдың бірегей үйлесімін ұсынады.

Компаниялардың көбі нысанның ең негізгі артықшылықтарына лайықты бағасын береді: бұл жайлы жабдықталған жоғары деңгейлі кеңселер, ыңғайлы инфрақұрылым – бизнес орталық «Астана» халықаралық қаржы орталығына, «Нұр Әлем» Сферасына, ЭКСПО-дағы Конгресс-Орталыққа барынша жақын орналасқан.

Орталықтың басқа да оңтайлы жетістіктерінің тізімін ыңғайлы логистикасы толықтырып отыр – ол елорданың әкімшілік орталығына, Н.Назарбаев атындағы халықаралық әуежайға және «Нұрлы жол» темір жол вокзалына жақын орналасқан. Оның үстіне, Қазақстандағы ең ірі «Mega Silk Way» сауда орталығы мен өте заманауи «Hilton Astana» қонақ үй кешені де бір аттам жерде тұр.

2019 жылы Қазақстандағы ең ірі Көрме орталықтарының бірі ашылады, бұл орталық ауқымды халықаралық және ұлттық көрмелерді, конгрестік шаралар мен өзге де маңызды оқиғаларды өткізуге арналған көп функционалды бизнес-арена болады. Орталықтың жалпы аумағы – 20 мың шаршы метр, ішінде мультифункционалды павильондар мен залдары бар.

Орталық аумағына экспозицияларын қоя алатын компаниялар үшін бұл шетелдік әріптестерге өздерінің соңғы жетістіктері мен жобаларын таныстырып, олармен іскерлік келісімшарт жасасып, адал клиент жинап, кәсіпорынның жағымды имиджин қалыптастыру үшін таптырмас мүмкіндік болмақ. Көрме орталығының заманауи сәулеті мен ең соңғы мультимедиялық құрылғыларымен қамтылуы да кез келген ауқымды шараларды өткізуге жағдай жасайды.

Ең ірі іскерлік және мәдени кездесулерді ұйымдастыру үшін салынған ЭКСПО-ның Конгресс орталығы да тиімді жұмыс істеп тұр. Айта кетейік, EXPO-2017 көрмесінің ашылу және жабылу салтанаттары дәл осында өткен болатын. Конгресс-Орталықтың жылжымалы залдарына 4500 адам сыяды, әрі шараны безендіру үшін кез келген дизайнерлік идеяларды жүзеге асыру үшін ыңғайлы және өтетін шараның жеке стиліне байланысты ыңғайландыруға болады.

«Нұр Әлем» сферасы – көрме кешенінің орталық нысаны, ЭКСПО-ның мақтанышы. Бұл – әлемде баламасы жоқ, диаметрі 80 метрлік шар формасындағы ғимарат. Заманауи инсталляциялар мен сан түрлі тақырыптағы зертханалар орналасқан осы сегіз қабатты ғимарат Қазақстан мен әлемнің түпкір-түпкірінен келетін туристерді қызықтырып келеді.

Сфера ұдайы түрде баламалы энергия көзі саласындағы қызықты экспонаттармен толықтырылып отырады: ғимаратта су жаңа интерактивті ойын алаңдары, «ақылды қала» прототиптері, экологиялық машина құрастыру саласындағы соңғы үлгідегі құрылғылар бар.

Сфера контентінің бай спектрі оған туристік орын ретінде ғана емес, республикамыздың білімі мен ғылымын дамытуға арналған база ретінде де сипат береді. Онмыңдаған оқушылар осы уақытқа дейін «Kids & Student Future Energy» бағдарламасының аясында Сферада өткен 100-ден астам ашық сабаққа қатысып үлгерді.

«Нұр Әлем» Сферасында әртүрлі курстар, шеберлік сағаттар, тренингтер, лекциялар, семинарлар мен өзге де шараларды өткізу үшін үлкен ыңғайлы дәріс залы ашылған. Нысанның дыбыс және жобалық құрылғылармен жабдықталуы жемісті еңбек үшін, шығармашылық пен пікір алмасу үшін қажетті жағдай жасаған.

Бір жылға есейген кешен

ЭКСПО кешені бұрынғыдай елорда тұрғындары мен қонақтары үшін сүйікті орын болып қала береді. Көрме кешенінде автотұрақ, мейрамханалар мен дәмханалар әлі жұмыс істеп тұр, балаларға арналған тамаша ойын алаңы бар, ал қыста қалыптасқан дәстүр бойынша ЭКСПО аумағында тағы да мұз қалашық, сырғанақ пен Жаңа жылдық шырша ашылады.

Бірақ, қазір көрме аяқталғаннан кейінгі бір жылдан соң, серпінді жобалар мен жаңа нысандар ашылған соң, ЭКСПО аумағы іскерлік ортаның жаһандық кешені ретінде эволюция жасады, сол арқылы ел экономикасындағы, мәдениеті мен ғылыми-техникалық прогресіндегі жаңа жетістіктердің орталығына айналды.

Бүгінде ЭКСПО – бірыңғай сәулеті бар бір кешенге іскерлік, ойын-сауықтық және көрмелік жобаларды біріктіріп отырған біздің замандағы ең ауқымды және инновациялық кластердің бірі. ЭКСПО кешенін аралау бір шағын қалаға саяхат жасаумен тең, ал, ондағы «Нұр Әлем» Сферасы іскерлік, туристік және демалатын орынның бір бөлігі ғана.

Көрме кешенінің қайта жаңғыруы, ЭКСПО-ның мойындалып, жаңа келбетінің ерен жетістікке жетуі – «EXPO-2017 нысандарын көрмеден кейін де пайдалану керек» деген Мемлекет басшысының көрегендігін уақытынан бұрын дәлелдеп отыр.

 

Ажар ИСМАЙЛОВА

ЭКСПО 2017 әлеуметтік желіде
Тіркел! Оқы!
ЭКСПО мұрасы
Astana EXPO 2017 - Happy
                 БАРЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАР ҚОРҒАЛҒАН. 2014 - 2018 © ASTANA EXPO 2017