Баспасөз орталығы / Жаңалықтар

«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы Астанадағы Оқушылар сарайына айрықша тарту жасады
2018-12-28

Осыдан жеті жыл бұрын Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен салынған Оқушылар сарайына «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы «Болашақ энергиясы» деп аталатын көрме алаңын сыйлады. Экспозиция сан түрлі жәдігерге толы. Informburo.kz сайты жазғандай, көрмеге баламалы қуат көздері саласындағы заманауи «жасыл» технология және инновациялық жобалардың озық үлгілері қойылған. Бұл өскелең ұрпақтың заманауи экологиялық технологияларға һәм өнертапқыштыққа деген қызығушылығын арттырып, биік белестерді бағындыруға жетелейді.

Астанадағы Оқушылар сарайы бүгінде жастарға білім беру орталығына айналып үлгерді. Осы араға бас сұғатын өскелең ұрпақ пен олардың ата-аналарына арналған түрлі оқыту жобалары, секциялар мен үйірмелер жағынан таңдау көп. Бұдан басқа, оқушыларға 3D-технологияларды пайдаланатын кең көлемді сфералық және планетарлық кескінді обсерватория мен планетарий, «Менің мамандығым» виртуалдық зертханасы, 500 орынға арналған драма театры, қысқы бақ және өзге тамаша орындар ұсынылады.

 

Енді «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы жасаған ерекше сыйлықтың арқасында Оқушылар сарайы тағы бір айрықша көрме нысанымен толықты. Орталыққа келген жасөспірім баламалы қуат көзі саласындағы тың технологиялар жайында толық мағлұматқа қанығады.

Оқушылар сарайының директоры Ербол Ісләмұлы Іргебай «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының басшылығына осындай ерекше сый үшін алғысын айтты. «Бұл шынымен де біз үшін елеулі оқиға болды. «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы тарту еткен көрме алаңы балаларымыздың жан-жақты дамуына септігін тигізеді. Бұл – олардың ғылымға қызығушылығын арттырып, ғылыми-техникалық шығармашылығын дамытуы үшін зор мүмкіндік. Әрі замануи «жасыл» технологиялар туралы көп мағлұмат алады, — деді ол.

Оқушылар сарайына қойылған «Баламалы технологиялар» стендінде алты жәдігер бар. Оның әрқайсысы адамның қоршаған ортаға деген көзқарасы қандай болу керектігін паш етеді. Табиғатты аялап, қорғауға насихаттайды.

Мәселен, «Күн генераторының миниатюрасы» деп аталатын жәдігерде күн сәулесінің көмегімен қуат алатын қондырғы бар. Бұл, әрине, қуат көзімен қамтылмаған, таулы әрі шалғай жерде тіршілік ететін отандастарымыз үшін таптырмас дүние.

«Күн пеші» (solar cooker) деп аталатын жәдігер туралы да солай айтуға болады. Ол электр қуаты немесе ағаш, көмірсіз-ақ жылу береді. Оған тек күн сәулесі қажет. Мұндай қондырғымен ас әзірлеуге де болады. Қоршаған ортаға залалы жоқ.

Pico-Hydro деп аталатын жәдігер экологияға еш зияны жоқ автономдық гидрогенератор. Бұл қондырғының көмегімен кішігірім аумақты жарықпен қамтамасыз етуге болады.

 

«Био-систематизатор» экспонаты қалдықты қалай тиімді жүзеге асыруға болатынын көрсетеді. Бұл қондырғы қалдықты биогазға айналдырып, энергия береді. Ал «Құмыра тоңазытқышты» электр қуатына қоспай-ақ, сусындарды салқын күйде ұстап тұруға болады. Бағасы небәрі 1 доллар тұратын «Жарық литрі» қондырғысын қуаттамай-ақ бес жыл пайдалануға болады.

Көрмеге қойылған өздігінен жүретін және сутегі автомобиль үлгілері де көрген адамды таңғалдырмай қоймайды. «Келешек көлігінің» қоршаған ортаны қорғауға шын мәнінде көмегін тигізетінін, экологиялық өмір сүру салты бағытында жасалған зор қадам екенін айғақтайтын бейнепрезентациялар естен кетпестей әсер қалдырады.

Бәлкім, болашақта осы көрмеге келушілердің арасынан елімізді әлемге әйгілейтін қазақ өнертапқыштары шығар. Міне, сол кезде олар жердің түпкір-түпкіріндегі өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал ететін инновациялық шешімдер мен тың жаңалықтар ұсынуы әбден мүмкін.

 

 

ЭКСПО 2017 әлеуметтік желіде
Тіркел! Оқы!
ЭКСПО мұрасы
Astana EXPO 2017 - Happy
                 БАРЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАР ҚОРҒАЛҒАН. 2014 - 2019 © ASTANA EXPO 2017