Баспасөз орталығы / Жаңалықтар

11 жыл ішінде АЭФ әлемдегі ең ықпалды экономикалық алаңның біріне айналды
2019-05-03

Астана экономикалық форум тақырыбы жыл сайын жаңартылып, жаһандық дамудың көптеген мәселелері мен міндеттерін қамтиды. АЭФ күн тәртібінде әлемдік экономиканың өзекті мәселелерін талқылау, жаңа өндірістер мен технологияларды дамыту, сондай-ақ Қазақстан мен әлемнің басқа елдерінің алдында тұрған жаһандық мәселелерді қамтиды. XII Форум қарсаңында осы және өзге де тақырыптар Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарушы директоры Руслан Жемковтың, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқарма төрағасы Ерлік Қаражанның және «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Талдау және әлемдік экономика орталығының директоры Айбол Арғынғазиновтың қатысуымен талқыланды.

Баспасөз–конференция барысында Руслан Жемков АЭФ сияқты осындай ауқымды шараның еліміз үшін және бүкіл халықаралық қоғамдастық үшін маңыздылығын атап өтті.

«Әрбір экономиканың жетістігі алдыңғы қатарлы технологиялар мен халықаралық аренада тиімді қарым-қатынаста болатын білікті адами капиталдың болуымен анықталады. Міне осындай тәжірибе алмасып, әріптестік қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған Астана экономикалық форумы 12-ші рет өткізілуде», - деді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарушы директоры.

Екі күн бойы жаһандық көшбасшылар мен халықаралық сарапшылар әлемдік экономиканың маңызды мәселелерін талқылауға және біздің еліміз үшін шешім қабылдап, ұсыныстар әзірлеуге Қазақстанның астанасында жиналады. Биылғы жылы АЭФ-2019-ға 4 мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде, соның ішінде әлемнің 60-тан астам елінен шетелдік делегаттар келеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Астана экономикалық форумы әрқашан оның қатысуымен өтеді. АЭФ-2019 да солай болмақ. Форумның пленарлық отырысына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қатысады.

АЭФ аясындағы негізгі іс-шараның бірі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтетін дөңгелек үстел. Қазақстан Республикасының Президентімен кездесуге Стэнли Фишер, Герман Греф, Ханс-Пол Бюркнер, Армида Салсия Алишахбана, Кеннет Рогофф, Морис Обстфельд және басқалар қатысады. Отырыста АЭФ күн тәртібіне қойылған ағымдағы мәселелер мен жаһандық экономикалық даму тенденциялары талқыланады.

«164 спикер сөз сөйлейді деп жоспарлануда. Күн сайын сессия саны жаңартылып, қосылып отырады. «Жастар жылы» аясында ұйымдастырушы комитетпен бірге студенттер мен жастар біздің жоғары деңгейлі қонақтарымыздың қатысуымен өтетін арнайы алаңға бару мүмкіндігіне ие болатындай жастар форматын қостық. Қазірдің өзінде Нобель сыйлығының бірнеше лауреаттары өздерінің қатысуын растады», - деді Р.Жемков.

Форумда барлығы 55 сессия өтеді деп жоспарланған. Бұдан өзге, АЭФ-2019-да Қазақстанда бұрын соңды өтпеген бірнеше жаңа форматтар жоспарланып отыр. Алғаш рет Қаржы министрлері мен орталық банк басқарушыларына арналған Халықаралық валюта қорының қатысуымен дөңгелек үстел өткізіледі. БҰҰ тұрақты даму мақсаттарына арналған алғашқы қазақстандық форумы, сондай-ақ Кавказ және Орталық Азия елдерінің, Еуразиялық экономикалық одағына мүше мемлекеттердің және Моңғолия қаржы министрлері мен орталық банктер басшыларының қатысуымен дөңгелек үстел өткізу жоспарланып отыр. Және де:

  • Халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдығына арналған халықаралық конференциясы;
  • 2020 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші Министрлік конференциясын даярлау жөніндегі аралық отырысы;
  • G-Global Халықаралық Хатшылығының қолдауымен әлемдік зияткерлік элита және ҚР үкіметінің қатысуымен стратегиялық сессиясы;
  • «Еуразиялық интеграция идеядан іске асыруға 25 жыл» сессиясы;
  • Kazakhstan Global Investment Roundtable;
  • ХВҚ-ң Қаржы министрлері мен орталық банк басқарушыларына арналған «Инклюзивті өсу үшін экономикалық саясат шаралары» дөңгелек үстелі.

 

ЭКСПО 2017 әлеуметтік желіде
Тіркел! Оқы!
ЭКСПО мұрасы
Astana EXPO 2017 - Happy
                 БАРЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАР ҚОРҒАЛҒАН. 2014 - 2019 © ASTANA EXPO 2017