Баспасөз орталығы / Жаңалықтар

ХКБ жаңа Бас хатшысы болып Димитрий Керкентзес сайланды
2019-11-28

Францияның астанасында халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) Бас Ассамблеясының 166-шы сессиясының отырысы өтті. Іс-шараның жұмысына «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының Басқарма Төрағасы Ербол Шорманов пен Ұлттық компанияның Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Нұрбек Ергешбаев қатысты.

Отырыс аясында Дубайдағы «ЭКСПО-2020» Бүкіләлемдік әмбебап көрмесінің дайындық барысы туралы, Буэнос-Айрес қаласындағы «ЭКСПО-2023» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің және Осакадағы «ЭКСПО-2025» көрмесінің өткізілуі туралы есептер ұсынылды.

Іс-шараның негізгі оқиғасы ХКБ жаңа Бас хатшысын сайлау болды: оған Димитрий Керкентзес сайланды.

Керкентзес мырза 2003 жылдан бастап ХКБ тұрақты қызметкері болып табылады, әр түрлі басшылық қызметтерді, оның ішінде бұрынғы ХКБ Бас хатшысы Виссенте Лоссерталестің кеңесшісі және орынбасары қызметін атқарды.

Айта кету керек, бұл лауазымды Лоссерталес 1994 жылдан бері 25 жыл бойы атқарған. Дәл сол кезде Қазақстан ХКБ-ның құрметті мүшесі болды, Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесін сәтті өткізгені үшін жоғары баға алып және халықаралық танымалдыққа ие болды. В. Лоссерталес бұл ең табысты мамандандырылған көрме болғанын және ЭКСПО-2017 тәжірибесі алдағы көрмелерді өткізуде пайдаланылатынын атап өтті.

Қазақстан Республикасы 1997 жылдан бастап Халықаралық көрмелер бюросының мүшесі болып табылады. Біздің еліміздің туы алғаш рет 1998 жылы Лиссабонда өткен мамандандырылған ЭКСПО көрмесінде көтерілді. Қазақстан 2005 жылдан бастап (Нагоя, Жапония) ЭКСПО көрмелеріне белсенді экспонент ретінде, одан кейін: Сарагоса (Испания, 2008), Шанхай (ҚХР, 2010), Йосу (Корея Республикасы, 2012) Милан (Италия, 2015), Анталья (Түркия, 2016, бағбандық көрме) қатысты.

2012 жылы Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғашқы болып ЭКСПО көрмесін өткізу құқығына ие болды. Осындай ауқымды шараны еліміздің астанасында ұйымдастыру бастамасы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі.

2017 жылғы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі «жасыл» энергетика саласындағы өзекті шешімдерді талқылау және іздеу үшін әлемдік алаңға айналды. Көрмеге 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысты. 90 күн ішінде көрмеге төрт миллионға жуық адам келді. Көрме Қазақстанның экономикалық тұрғыдан өсуіне қуатты серпін берді – тауарлар шығару көлемі артты, ал туристік қызметтерге сұраныс 78%-ға өсті.

ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу Қазақстанның халықаралық көрмелер бюросымен өзара қарым-қатынасындағы жаңа тарауды ашты.

2017 жылы БАӘ астанасы Абу-Даби қаласында «Астана ЭКСПО-2017» мен «ЭКСПО-2020 Дубай» бюросының арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында тараптар халықаралық көрмелерді ұйымдастыру мен өткізуде тәжірибе мен білім алмасуда өзара қолдау көрсетуге уағдаласты.

Сонымен қатар, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 24 наурызда БАӘ-ге ресми сапарының аясында Қазақстан Республикасының Дубай ЭКСПО-2020 дүниежүзілік көрмесіне қатысу туралы келісімге қол қойылды.

«Дубай-2020» дүниежүзілік көрмесіне қатысу бұл Қазақстанның әлемдік қоғамдастықта танымалдығы мен туристік тартымдылығын арттыруға тамаша мүмкіндік, бұл елдің туристік брендін шетелде кешенді ілгерілету үшін өте маңызды.

Қазіргі уақытта 192 ел Дубай қаласындағы ЭКСПО-2020 көрмесіне қатысатынын растады. Ұйымдастыру комитетінің болжамы бойынша, 6 айдың ішінде көрмеде 15,5 млн. келуші және 25,2 млн. қаралым болады деп күтілуде. Бұл ретте келушілер қатарындағы шетелдік туристердің үлесі 70%-ды құрамақ.

ЭКСПО 2017 әлеуметтік желіде
Тіркел! Оқы!
ЭКСПО мұрасы
Astana EXPO 2017 - Happy
                 БАРЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАР ҚОРҒАЛҒАН. 2014 - 2019 © ASTANA EXPO 2017